Жер сілкінісі: Алматылықтар ауыз сусыз қалмай ма

Аян Өрібай

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жер сілкінісі кезіндегі Алматының су қауіпсіздігі шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Министр не дейді?

Үкіметтегі брифингте журналистер Алматының инфрақұрылымы азаматтарды ауыз сумен қамтамасыз ету бөлігінде қаншалықты қорғалғаны жайлы сұрақ қойды.

Министр қалада немесе Алматы шегінде үлкен су объектілері жоқ екенін, сондықтан ауыз сумен қамтамасыз етудің барлық жүйесі бүгінгі күні елде бар құрылыс нормасы бойынша салынып, жұмыс істеп тұрғанын айтты.

– Алматыда үлкен су объектілері жоқ. Ауыз сумен қамтамасыз ету жайлы айтар болсақ, бұл – жерасты су көздері. Бүкіл жүйе қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес жасалған және салынған. Сіздер жер сілкінісінің болғанын көріп отырсыздар, бұл ретте Алматы тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша ешқандай үзіліс болған жоқ, - деді министр.

Алматыдағы жер сілкінісі

Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.

Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:

  • Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  • Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
  • Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
  • Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
  • Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  • Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.