Осы мәселені мәжілістің бүгінгі отырысында экология министрінің алдында депутат Бекболат Тілеухан көтерді. Мәжілісте жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заң жобасы қаралған болатын, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
«Әркім осындайда өз асығын түгендейді ғой. Біреу мысығы мен күшігін қорғап жатыр, соған орай шаруасын қамдап жатыр дегендей. Менің айтайын дегенім – ұлттық спорт мәселесі. Ұлттық спорт жарақат алу ықтималдығы жоғары спорт. Жануарларға да, адамдарға да қауіпті. Көкпар, бәйге, асау үйрету – бәрі сол. Заң жобасында «жануарлардың жарақат алуына, мертігуіне, олардың өлуіне әкеп соқтыратын ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салынады» дейді. Енді ұлттық спорттың жағдайы не болады?» - деді Бекболат Тілеухан.
Бұл сұраққа жауап берген министр Серікқали Брекешов заң жобасныың негізгі мақсаты – жануарларды қатігездікті қорғау екенін мәлім етті.
«Жануарларға залал алып келетін ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салынған. Мысалы ит төбелестіру секілді. Ал жануарлардың қатысуымен өтетін ұлттық спорт түрлері жануарға залал келтіруге көздемейді. Сондықтан заң жобасында ұлттық спорт түрлерінде жануарлардың қатысу тыйым салу қарастырылмаған» - деді ол.
Бұл ретте мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осы норманы заңда ашып жазу керектігін ескертті.
«Әйтпесе біздегі көкпар, аламан бәйге – бәрі ұлттық спорт түрлері ғой. Сондықтан заң жобасында тікелей жазуымыз керек», - деді ол.
Бұл мәселеге депутат Сауытбек Әбдірахманов та назар аударды. Оның айтуынша, 1994 жылы Созақта Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы аталып өткен аста бәйге ұйымдастырылып, шыжыған ыстықта өткен бәйгеде 6 ат өлген.
“Біз осы мәселені зерттеген кезде ауылдың шалдары “аттар өлсе өлсін, той сонымен есте қалады” деген сөзді естідік. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар болады. Бұл – өмір. Бекболаттың айтқанының сөзінде жан бар. Егер біз осындай көкпар кезінде жылқының басына қамшы тиіп, басқа болып немесе бәйге кезінде ат мертіксе, оның аяғы қылмыстық жауапкершілікке апарса, онда ұлттық спорттан бірте-бірте алыстаймыз. Сондықтан, ұлттық спорт дегенді жөнімен келтірсеңіздер. Үйдегі ит пен мысықтың жөні бір басқа. Осы мәселе ескерілсе дейміз”, – деді депутат.
Бұл ескертуге қатысты министр жануарларға әдейі жасалған қас әрекет қылмыс ретінде танылатынын мәлім етті.