Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде кітап шығару саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қатысты түсінік берді, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Кітап – адамзат үшін ең құнды қазына. Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап шығару жұмысын күшейтуді қолға алып отыр. Бұл ретте, осы саладағы тың бастамалармен таныстыруды жөн көрдім. Біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады. Соған сәйкес кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көреді», - деді А. Балаева әлеуметтік парақшасында жариялаған бейне үндеуінде.
Оның айтуынша, өтінімдер жылына екі рет қабылданып, түскен құжаттарды тексеру 10 күн алады. Қоғамдық талқылауға 15 күн, арнайы құрылған тәуелсіз комиссияға 15 күн, сарапшылардың қорытындысын дайындауға екі ай беріледі.
«Әрине, осы уақыт ішінде оқырмандардың пікірінен бөлек, отандық ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерттеулері, кітап дүкендерінің сатылымға қатысты статистикалық мәліметтері, баспалардың басылым рейтинг-тізбесі назарға алынады. Осыдан кейін ғана өкілетті орган нақты шешім қабылдайды», - деді министр.
Екіншіден, егер бұрын қолжазбаға гонорар төленсе, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға грант берілмек. Яғни, биылдан бастап қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі. Грант министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен бекітіледі. Ал кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде болады. Егер ол кітап бір жыл ішінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы сатылымда жақсы көрсеткіштер болса, оның кезекті басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады.
Үшіншіден, аударма әдебиеті бойынша «Мәдениет туралы» Заңына бірқатар өзгеріс енгізілмек. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын әдебиеттердің электронды нұсқасы Ұлттық электронды кітапханада жарияланады. Бұл өз кезегінде электронды нұсқаларын жариялаудағы авторлық құқықтық шектеулерге сәйкес, әлемдік танымал туындыларды басып шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Кітап басып шығаруға берілетін өтінімдер аясын кеңейту мақсатында бұл тармақшаны толығымен алып тастау ұсынылды.
Төртіншіден, бестселлерге айналған әлемдік әдебиеттің классикалық әрі заманауи туындыларын қазақ тіліне аудару қазір жеке баспалар арқылы реттеліп жатыр. Енді баспагерлер авторлық құқығын алып, қазақ тіліне аударған белгілі шетелдік туындыларды мемлекеттік тапсырыспен басып шығара алады.
Бесіншіден, жаңа ережеде сараптама комиссиясының әдебиеттерді оқып, қорытынды пікір жазу уақыты екі айға қысқарғандықтан, жұмыстың күрделілігіне қарай өтемақы көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылмақ.
Алтыншыдан, «Мәдениет туралы» Заңда жазушының мәртебесін айқындау ұсынылды. Бұл заңның толық жұмыс істеуіне септігін тигізеді.