Еуропа Ресейге санкцияларды күшейтті

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Еуропалық Одақ Кеңесі Ресей Федерациясының гибридті шабуылдарға жауапты жеке тұлғалары мен ұйымдарына, сондай-ақ ресейлік «көлеңкелі флотпен» байланысы бар компанияларға қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл шешім 15 желтоқсан, дүйсенбі күні жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР МЕН ХАКЕРЛІК ТОПТАР

Санкциялар, әсіресе, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Бас басқармасы (бұрынғы ГРУ) құрамындағы 29155-бөлімге және Чехия мен Украинада кибершабуылдар мен гибридті операциялар жасаған Cadet Blizzard хакерлік тобына бағытталған.

ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ САНКЦИЯЛАР

Еуропалық Кеңестің баспасөз хабарламасында санкциялар сыртқы саясат сарапшыларына, Кремльмен тығыз байланысы бар немесе соған аффилиирленген талдау орталықтары мен университет қызметкерлеріне, сондай-ақ Ресейдің насихатын жүргізіп, Украинаға қарсы және НАТО-ға қарсы көзқарастарды тарататын пікір көшбасшыларына қарсы енгізілетіні айтылды. Олардың кейбірі — Батыс Еуропаның бұрынғы әскери қызметкерлері немесе полиция қызметкерлері.

ЧЕХИЯДАҒЫ ШАБУЫЛ

2022-2023 жылдары Cadet Blizzard Чехия Республикасындағы аса маңызды инфрақұрылым элементіне шабуыл жасаған. Ол заңсыз жүйеге кіру және ұйымның ішкі желісінде қозғалу арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде барлау тұрғысынан құнды болуы мүмкін ақпарат ұрланған. Дегенмен, қолда бар деректерге сәйкес, бұл оқиға халықтың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірмеген.

ГЕРМАНИЯНЫҢ АЙЫПТАУЛАРЫ

Бірнеше күн бұрын Германия билігі Ресейді 2024 жылы әуе қозғалысын басқару жүйесіне кибершабуыл жасағаны және 2025 жылдың ақпанындағы Бундестагтағы мерзімінен бұрын өтетін сайлау алдында дезинформациялық науқан жүргізгені үшін айыптады. Берлиннің деректеріне сәйкес, бұл әрекеттердің артында ГРУ тұр.

КӨЛЕҢКЕЛІ ФЛОТҚА ҚАТЫСТЫ ШАРАЛАР

Жаңа санкциялар Біріккен Араб Әмірліктерінде, Вьетнамда және Ресейде орналасқан, «көлеңкелі» танкерлерді басқаратын немесе иелік ететін кеме компанияларына да таралады.

САНКЦИЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНЫ

Санкциялар активтерді бұғаттауды, қаржылық операцияларға тыйым салуды және Еуропалық Одақ елдеріне, тіпті транзитпен баруға да шектеу енгізуді қарастырады.