Украинада қаза болған қазақстандық сарбаздың сүйегі елге жеткізілді

Ulysmedia

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған қазақстандық сарбаздың сүйегі Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

Іздестіру ұйымының белсенді жұмысының арқасында соғыс жылдарында ұрыс даласында қаза болған тағы бір қазақстандық сарбаз гвардия лейтенанты Өксікбай Базарбаевтың есімі белгілі болды. Офицер 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 12-гвардиялық атқыштар полкі атқыштар взводының командирі болған. Жас кезінде соғысқа аттанған ол Украинаны азат ету жолында қаза тапқан.

Сұрапыл соғыс жылдарында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің аттарын мәңгі есте сақтау мақсатында Қорғаныс министрлігі іздеу ұйымдарымен өзара қызмет етіп жатыр. Осы мақсатта Қарулы Күштердің әскери-тарихи мұражайында іздестіру-экспедициялық бөлімшесі жұмыс істейді.

Жауынгердің сүйегі әскери рәсімдерді сақтай отырып Түркістан облысы Түлкібас ауданы Алғабас ауылында қайта жерленеді.

Сарбаздың сүйегі Қарулы Күштер әскери-әуе күштерінің және ұлттық ұланның әскери-көліктік бортымен жеткізілді.