Қазақстанның бүкіл қаласында дабыл белгісі қосылады

Ulysmedia

2024 жылдың 23 ақпанында еліміздің барлық өңірлерінде жоспарлы сейсмикалық жаттығулар өткізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Сейсмикалық жаттығулар өтетін күні халықты хабардар ету жүйесі іске қосылады.

Сейсмикалық жаттығулардың негізгі – мақсаты жер сілкінісі қаупі мен орын алуы кезіндегі іс-әрекетке халықтың дайындық деңгейін арттыру.

ТЖМ халыққа ескертуге құлақ асып, сейсмикалық жаттығуларға белсенді қатысуға кеңес береді.

Алматыдағы жер сілкінісі

Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.

Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:

  • Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  • Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
  • Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
  • Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
  • Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  • Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.