Қазақстанда наурыз айында өтетін ҰБТ басталды

Қалижан Бектемір

Қазақстанда наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 30 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда 110 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды, - деп атап өтті ведомстводағылар.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгерген жоқ, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалып отыр.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Министрлік 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталғанын, оған 134 мыңға жуық адам қатысқанын еске салды. Оның ішінде талапкерлердің 76,4%-ы – қазақ тілінде, 23,5%-ы – орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Талапкерлердің 77,5%-ға жуығы шекті балл жинаған. Орташа балл 69 балл болды. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинаған.

Еске салсақ, бұған дейін ҰБТ деректерін көшіргендер сотталған болатын. 

Олардың әрбіреуіне 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленді, сондай-ақ ақпараттық технология және телекоммуникация желілері саласында лауазымды қызметке тұру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айырылды, – делінген ҰҚК хабарламасында.