Павлодар облысы Майқайың алтын кен орнында 4 жолаушысы бар автобус шұңқырға құлап, екі адам сыртқа шығарылған болатын. Ал қалған екеуі әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Табылмай жатқан Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу апат болған жерге барып, видео түсірген. Көрген жанды тебірентпей қоймайтын бейнежазбада келіншек осы жерге күнде бір үмітпен келетінін айтады.
Жаным, Айдос! Қанша жүрегім ауырса да сені құтақара алмай жүрген жерге келіп жүрмін. Күнде бір үмітпен келемін осында. Қанша адамды құтқарса да сені ешкім құтқара алмай қалды. Жүрегім ауырады. Бүгін 60-күн ғой. Бір үмітпен жүрмін. Аруағыңды қорлатуға жол бермеймін! Мен ойлағандай болмаса алды-артыма қарамаймын! Сенің аруағыңды қорлағысы келіп тұрған адамдарды бір Аллаға тапсырдым, – дейді ол.
Еске салсақ, екі ай бұрын Павлодар облысында құтқарушылар мінген автобус шахта маңындағы шұңқырға түсіп кетті.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 қаңтарда сағат 01-25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Алдын ала болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы – 150-200 м, ені – 500 м, тереңдігі –150 м.
– Апат кезінде автобуста төрт адам болды: республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ, – деді департаментте.
Кейін қаза тапқандардың есімдері белгілі болды.
Майқайың кеніші шахтасының маңында автобусымен апатқа ұшырап, табылмай жатқан жүргізуші Айып Тілеубергеновтың туған інісі Амангелді Тілеубергенов те қазу, іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығын сынға алды.