Мәскеу қалалық соты қазақстандық Томирис Байсафаның өлтірді деп айыпталған Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидовке қатысты ақтау үкімінің күшін жойды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Бұл туралы «Медиазона. Центральная Азия» басылымына марқұмның анасы Жанна Ахметова мәлімдеді.
Сот істі қайта қарайтын болды.
2018 жылғы сәуірде МХҚМИ-дың 4 курс студенті Томирис Байсафа оқу орнының төртінші қабатынан құлаған болатын. 21 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Бірақ көп ұзамай қаза болды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Студент қыздың өлімі бойынша Мәскеудегі тергеу амалдары үш жылға созылды. Осы іс бойынша Муртузали Меджидов өткен жылғы шілдеде қамауға алынды. Биылғы наурызда іс сотқа жіберілді. Томирис пен Муртузали кездесіп жүрген. Муртузали Меджидов – дағыстандық танымал саяси қайраткер әрі бизнесмен Мұхтар Меджидовтың ұлы.