Геннадий Головкин Италияда не істеп жүр

Оралхан Қожанов

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин бокстан лицензиялық турнир өтіп жатқан Бусто-Арсициоға (Италия) барып, отандастарымызға қолдау көрсетуде, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден


Италияда 2024 жылғы Париж Олимпиадасына берілетін лицензия сарапқа салынуда.

Бұл  – Геннадий Головкиннің ҚР ҰОК президенті қызметіне сайланғалы бергі алғашқы ресми сапары.

Бүгін Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынып жатқан турнирде қазақстандық боксшылардан алғашқы болып шаршы алаңға Валентина Хальзова шықты. Отандасымыз қарсыласын жарыс жолынан тайдырып, ширек финалға өтті. 

75 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз 1/8 финалында түркиялық Бюшра Ишилдарды 4:1 (30:27, 28:29, 29:28, 30:27, 30:27) есебімен жеңді.

Бүгін тағы екі боксшымыз шаршы алаңға шығады. Оның бірі - 66 келі салмақта сынға түсетін - Наталья Богданова. Ол Астана уақытымен 23:45 шамасында польшалық Анета Ригельскамен қолғап түйістіреді.

Ал, екінші боксшымыз ерлер арасында 92 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан боксшымыз - Айбек Оралбай. Сағат 01:15 шамасында Эквадор боксшысы Хулио Сезар Кастильо Торреспен айқасады.

Италиядағы турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді.

Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынуда.  Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр.