Бағдарламаның жабылатынын әлеуметтік желіде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
11 наурызда телеарнаның эфиріне шыққан "Бірақ..." ток-шоуында күйеуінен ұзақ уақыт бойы таяқ жеп жүрген әйел келіп мәселесін айтқан. Бағдарламада студияға әйелдің күйеуі келіп, гүл бермек болады. Әйел күйеуінен көп қорлық көргенін айтып, гүлді алудан бас тартады. Жүргізушілер әйелді үгіттеп, "балалары үшін" гүлді алуды өтінеді. Эфирден әйел студияға күйеуінің келетінін білмей қалғаны аңғарылады.
Мұны көрген көрермен “Хабар” арнасының басшылығын қатаң сынады. "Хабар Агенттігінің” басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев кешірім сұрады.
Ал министр Аида Балаева тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатқанын жазады.
– Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуі тиіс еді. Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады, – деп жазды министр.