Потомак өзені арнасынан тасып, Алегзандрия қаласындағы үйлер мен бизнес нысандарын шайып әкетті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
24kz-ның мәліметінше, куәгерлер су деңгейі тез көтерілгенін айтады, бірақ тұрғындар қарап отырған жоқ. Олар ғимараттардың айналасын құм салынған қаптармен қоршап, өз бетімен амал жасап жатыр. Сарапшылар тиісті органдар әзірге әрекетсіз отырғанын алға тартады. Ал синоптиктер тасқынның беті ертеңге дейін қайтпайды деп болжауда.
«Алегзандрия қаласын 1980 жылдардың орта шенінде су басқан болатын. Бұл жолғы тасқын одан күшті секілді. Тізеден су кешіп жүрміз. Көшеде қаптап жүретін жеңіл көліктерді қазір көрмейсіз. Бір жағынан, сумен бірге жыртқыштар да келе ме деп қорқып жүрміз», - дейді кәсіпкер Вал Праудки.