Соңғы жылдардағы ең көп талқыға түскен заңдардың бірі – жаңа Салық кодексі. Оның қабылдануының дұрыс-бұрыстығы жөнінде бизнес пен мемлекет өткен жылдан бері пікір таластырып келеді. Ал 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне ене салысымен, құжатқа өзгерістер енгізу жөніндегі арнайы жобалық кеңсе жұмысын бастады.
Салық кодексіне түзетулер енгізу мәселесі тұрақты түрде талқыланып келеді. Алайда B2B сегментінде жеңілдетілген режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін шығындарды шегеруге салынған шектеудің тағдыры әзірге белгісіз. Ulysmedia.kz осы мәселені зерделеп көрді.
МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ ҰСЫНЫСЫНАН БАС ТАРТТЫ
Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі жобалық кеңсе тұрақты жұмыс істеп, жаңа ұсыныстар әзірлеп жатыр. Алайда олардың кейбірін бизнес өкілдері талқылау кезінде-ақ күмәнді деп бағалауда.
Мәселен, тәуекелі жоғары деп танылған бизнеске интернет-платформалардағы қызметін уақытша тоқтатуды ұсыну қарастырылған.
Салықтық әкімшілендірудің цифрландырылуы айтарлықтай ілгеріледі. Оның тиімділігіне күмән жоқ. Дегенмен жүйеде қателік те кездеседі. Кейде сенімсіз деп танылмауы тиіс компаниялар қателікпен тәуекелі жоғары салық төлеушілер қатарына енгізіледі. Тіпті кей кәсіпкерлерге қате салық сомасы екі-үш есе артық есептеліп, кейін оны төлеу талап етілетін жағдайлар да бар. Ал дау шешілгенше, салық төлеушінің мәртебесі белгісіз болып қала береді.
Бұл мәселеде бизнес үшін жағымды жаңалық бар. Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің ұсынысына құлақ асуды құп көрді.
«Кейде электронды платформалар арқылы тауардың өте үлкен көлемі сатылады, бірақ салық міндеттемелері орындалмайды. Жақында Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен кездестік. Әзірге бұл норманы салық жобасынан алып тастаймыз. Қазір пилоттық жоба өткізіп, тәуекелі жоғары салық төлеушілерді дұрыс анықтауды және оларға қатысты басқа шаралар қолдану мәселесі қаралып жатыр», – деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов «Атамекен» ҰКП-да өткен кездесуде.
ИМПОРТТАУШЫЛАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ
Бизнес өкілдерімен кездесуде Қаржы министрлігінің өкілдері ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларға қатысты ілеспе жүкқұжаттарды бақылауды күшейту жоспарланып отырғанын да айтты.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, өзара сауда статистикасындағы алшақтық пен тауар құнын әдейі төмен көрсету мәселесі бар. Кейбір тауар түрлерінің құны тіпті 40 есеге дейін төмендетіліп көрсетіледі.
«Мысалы, ананасты 10 теңгеге әкелуі мүмкін. Мұның не үшін жасалатыны түсінікті: импорт кезінде бюджетке түсуге тиіс ҚҚС-ты төлемеу үшін. Салық салынатын базаны барынша төмендету, әрине, үшінші елдерден тауар әкеліп, ҚҚС пен баж салығын толық төлейтін компанияларға қарағанда осындай кәсіпкерлерге бәсекелік артықшылық береді», – деп түсіндірді Ержан Біржанов.
ШЕГЕРІМ МӘСЕЛЕСІ
Өзге мәселелер белгілі бір деңгейде талқыланып жатқанымен, ең даулы нормалардың бірі – ҚҚС төлеушілер мен ҚҚС төлемейтін кәсіпкерлер арасындағы шығындарды шегеруге қойылған шектеу мәселесі ұмыт қалған секілді.
Еске салайық, 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енген Салық кодексіне сәйкес, жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлерден сатып алған тауарлар мен қызметтердің құнын шегерімге жатқыза алмайды.
Алайда жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бәрі бірдей жалпыға бірдей белгіленген режимге көшкісі келмейді. Өйткені оның әкімшілендірілуі күрделірек әрі салықтық жүктемесі де едәуір жоғары.
Мемлекеттік органдар бұл жерде ешқандай мәселе жоқ деп санайды.
«B2B мүмкіндігінің болмауынан бизнес жабылып жатқан жоқ. Жеңілдетілген режимдегілер B2C сегментінде жұмыс істеп, бөлшек саудаға қызмет көрсетеді. Біз бөлшек сауда саласына жеңілдетілген декларация режимін енгіздік. ҚҚС бойынша шекті алып тастап, оны 2,5 млрд теңгеге дейін көтердік, қызметкерлердің табысынан әлеуметтік салықты алып тастадық. Бөлшек саудада жұмыс істейтіндер осы жеңілдетілген режимді пайдалана алады. B2B бойынша шегерімді алып тастағанымыздан түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Иә, салық төлеушілердің бизнес үдерістері өзгерді: біреулер ҚҚС төлеуші атанды, енді бірі жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр», – деді Жәнібек Нұржанов.
Оның айтуынша, шегерімге қойылған шектеуді жақын арада алып тастау жоспарланып отырған жоқ.
Ал «Атамекен» ҰКП бұл мәселені басқаша бағалайды. Бұған дейін ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кәсіпкерлердің бір мезгілде жеңілдетілген режимде жұмыс істеп, бизнеске қызмет көрсету мүмкіндігін сақтау үшін бизнесті бірнеше бөлікке бөле бастағанын айтқан.
Оның сөзінше, ҰКП бұл мәселені шешу жөніндегі ұсыныстарын Салық кодексіне түзетулер әзірлейтін жобалық кеңсеге жолдаған.
«Біздіңше, ең оңтайлы шешім – салық мөлшерлемесін екі деңгейлі ету. Жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін қазіргі мөлшерлемені, яғни 4 пайызды сақтауға болады. Шамамен 50 пайыздық ауытқуды ескерсек, жеке тұлғалармен жұмыс істегенде салық мөлшерлемесі 2-6 пайыз аралығында болады.
Ал жеңілдетілген режимдегі кәсіпкер ҚҚС төлеушімен жұмыс істей бастаса, оған 8 пайыздық мөлшерлеме қолданылуы мүмкін. Бұл мемлекет алаңдайтын тәуекелдерді, яғни бизнесті бөлшектеу әрекеттерін тежеуге жеткілікті шара болар еді. 8 пайыз үшін ешкім бизнесін бөліп-жармайды. Дегенмен бұл мөлшерлеме шағын бизнес үшін шегерімге толық тыйым салғаннан әлдеқайда тиімді», – деп түсіндірді Тимур Жаркенов.
Сонымен қатар бизнес бұл норманың тұрақты түрде бақылануына дайын екенін айтады. Бірақ жыл соңына дейін күтпей, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысына сүйеніп, мәселені қазірден шешуге шақырып отыр.
ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ЖАППАЙ ЖАБЫЛУЫ
Жаңа Салық кодексінің күшіне енуі жеке кәсіпкерлердің жаппай жабылуына себеп болғаны туралы кәсіпкерлер ғана айтып отырған жоқ. Құрылтай депутаттары да осы мәселеге алаңдаушылық білдірді.
Олар жабылған жеке кәсіпкерлердің санын және олардың жабылу себептерін талдап, соның нәтижесінде салық заңнамасына қажетті өзгерістер енгізу жөнінде шаралар әзірлеуді ұсынып отыр.