«Сенімдімін»: министр Сәденов полицейлердің 99% өз антына адал деп мәлімдеді

Аян Өрібай

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәжілісте полиция қызметкерлерін қорғап сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

мәжіліс

Мәжілісте не айтылды?

Адам саудасына қарсы заң жобасы талқыланған бүгінгі отырыста депутат Бақытжан Базарбек ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сұрақ қойды. Депутат министрден әйелдерді сексуалдық сипатта пайдаланатындар негізі шетелде екенін, оларды ұстау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. Базарбектің сөзінше, шетелдегі әкімшілер әлеуметтік желі арқылы жарнама таратады. Өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

– Осындай хабарламаларды қалай бақылайсыздар? Оларды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Өте әлсіз заң жобасы. Менің қолымда сіздің орынбасарыңыз Лепеханың жауабы. Мен сізден осыдан бір жыл бұрын нақты сұрақ қойдым? 2023 жылы осы бағытта бес-ақ қана полицей жауапқа тартылыпты. Егер мен өзім іске кірісіп, бұл ақпаратты жоққа шығарсам, жалған болып шығады ғой, – деді депутат.

Ержан Сәденовке жарнама расында да тарап жатқанын айтады.

– Ресурстар бойынша қараймыз. Сол бойынша біз осыны анықтаған кезде тоқсауыл қоямыз. Қылмыстық әрекеттері бар 6 мыңнан астам жарнамаға тоқсауыл қойдық. Біздің сұраққа қатысты 620. Бұл жұмысты ары қарай жүргіземіз. Расында да, өкінішке қарай әкімшіліктері, жетекшілері көбінесе шетелде отырады. Біз құқықтық көмек көрсетеміз. Дүние жүзінің 47 мемлекетімен келісімшартқа қол қойдық. Біз анықтасақ әрине, сұраныстарды жібереміз. Бұл жұмысты ары қарай ұйымдастыратын боламыз, – деді ол.

Сәденов орынбасарының “4 факт қана бар” деген жауабын “нақты фактілер шығар” деп тұспалдады.

– Өкінішке қарай ондай фактілер бар. Біздің ішкі істер саласында өзіндік қауіпсіздік департаменті бар. Сол департамент осындай жұмыстармен айналысады. Олар сатқындар. Олармен көп сөйлеспейміз. Оларды жұмыстан теріс сипатпен шығарамыз. 4 фактіні қарайын. Өзіңізбен жеке осы сұрақ бойынша ұсыныстарыңыз болса қарайық. Проблема үлкен, – деді ол.

Базарбек Сәденовтен “өзіңіз 4 факті ғана тіркелгеніне сенесіз бе?” деп сұраған. Сәденов “мен полиция қызметкерлерінің 99 пайызы өз ісі мен антына адал дегенге сенімдімін” деп жауап берді.