Қазақстан Армениямен толық өзара түсіністікке ие – СІМ ҰҚШҰ келіссөздері туралы

Ulysmedia

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров СІМ басшысы мен Армения билігі арасындағы ҰҚШҰ-ға қатысу мәртебесі туралы келіссөздердің қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

ҚР Сыртқы істер министрлігі не деді

Ведомствода өткен брифингте журналистер Айбек Смадияровтан министр Мұрат Нұртілеудің 18 наурызда Арменияға сапары кезінде Ереванның ҰҚШҰ-ға қатысу жөніндегі ұстанымы талқыланды ма деген сұрақ қойды.

Министрдің Арменияға сапары барысында екіжақты және көпжақты форматтағы мәселелер талқыланды. Сондықтан бұл мәселе де күн тәртібіне қойылды. Өздеріңіз білесіздер, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп үлгерді және бірдеңе қосуға әлі ерте. Әзірге Армения ҰҚШҰ-ның мүшесі болып қала береді. Келіссөздер өте сәтті өтті. Екіжақты жолда Армениямен толық түсіністік бар деп айта аламын, - деді Айбек Смадияров.

Армения ҰҚШҰ-да

Армения 2023 жылы ҰҚШҰ-ның бірнеше іс-шарасына, соның ішінде екі оқу-жаттығуға және қарашада Минскіде өткен ұйым саммитіне қатысқан жоқ.

2024 жылдың ақпанында Армения билігі республиканың ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатқанын хабарлады.

Ел премьер-министрі Никол Пашинянның айтуынша, егер мәселелер шешілмесе, Армения билігі мұны де-юре жасайды.

Өткен аптада ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов «Армения элитасының кейбір оқиғалары мен көңіл-күйлері алаңдаушылық туғызады» деп мәлімдеді.

ҰҚШҰ

2002 жылы құрылған ұйымға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.

Биыл Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етуші ел болды. 10 қаңтарда ұйымның тұрақты кеңесін Марат Сыздықов басқарды. Ұйым 2024 жылға дейін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда жеті бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізуді жоспарлаған.

Бұған дейін Тасмағамбетов «ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік әлеуеті өзінің тиімділігін 2022 жылдың қаңтарында Қазақстандағы дағдарысты жағдайды жеңілдету кезінде көрсетті» деп мәлімдеген болатын.