Мәскеудегі теракттан қаза болған адам саны 60-тан асты

Сырым Қаржас

Ресей тергеу комитеті қаза тапқандар саны 60 адамнан асқанын, ал федералды қауіпсіздік комитеті 100-ден аса адам зардап шеккенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

gazeta.ru

60 адамның жағдайы ауыр

Ресей денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко ауруханаға жатқызылған адам саны 115, оның ішінде 5 бала барын мәлімдеді. Зардап шеккендердің 60-ы ауыр жағдайда. Мурашко "Крокус Сити холлда" болған лаңкестік шабуылдан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету бойынша негізгі жұмыс аяқталғанын, қазір дәрігерлер пациенттердің жағдайын тұрақтандырып, жағдайы ең ауыр деп бағаланған адамдарды емдеу жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.

Ресей төтенше жағдайлар министрлігі зардап шеккендердің тізімін жариялады

Мәскеудегі теракт

22 наурызда қарулы лаңкестер "Крокус Сити Холл" концерт залына басып кіріп, "Пикник" тобының қойылымын тыңдауға келген адамдарға оқ жаудырды. Осыдан кейін ғимаратта жарылыстар естіліп, өрт шықты. Ресей тергеу комитеті (РТК) 60-тан астам адамның қайтыс болғанын әрі бұл көрсеткіш артуы мүмкін екенін хабарлады. РТК террористік акт туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.

Кремль Ресей қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі, тергеу комитеті, төтенше жағдайлар министрлігі, росгвардия басшылары Владимир Путинге "Крокустағы" шабуылға қатысты тергеу барысы жөнінде баяндағанын хабарлады.

Бүгін таңға жуық "Крокустағы" шабуылдан зардап шеккендердің бәрі оқиға орнынан эвакуацияланғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Тікұшақтар өртті сөндіру жұмыстарын аяқтаған.