Қазақстандағы ең ірі қаржы пирамидасының ісі сотқа жолданды

Ulysmedia

Ішкі істер министрі ұсталған «QuestraWorld» компаниясын Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасына теңеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Өткен аптада Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған «QuestraWorld» сотқа берілді. ІІМ жедел-тергеу тобы осы қаржы пирамидасының басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу барысында 2016 жылғы наурыздан бастап 2017 жылғы маусымға дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында «QuestraWorld» қаржы пирамидасын құрғандығы және оны құрылымына қазақстандықтарды тартқандығы анықталды», - деді бүгінгі брифингте ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, пирамида басшылары салынған соманың 336%-на дейін табыстылыққа кепілдік бере отырып, салымшыларға виртуалды валюта арқылы құны 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдерді сатып алуды ұсынған. Алайда тартылған қаражат кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмаған. Бір қатысушыларды жаңа салымшылардың жарналары есебінен байыта отырып, қаржыны өзара қайта бөліп отырған. 

Қаржы пирамидасына Қазақстанның мыңдаған азаматтары тартылған. Келтірілген материалдық шығын сомасы 1 млрд теңгеден асты. Қылмыстық іс бойынша 4 адам, оның ішінде бұрын Беларуссиядан экстрадицияланған Ресей Федерациясының азаматы жауапқа тартылды.