Мемлекеттен көмек пен халыққа өтініш – Бектенов су тасқыны жөнінде не дейді

Сырым Қаржас

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынына байланысты үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет

Бектенов не дейді?

– Маған үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқаны туралы айтылды. Олар су тасқынының ауыр зардаптарына сенгілері келмейді. Биыл мұндай апат су тасқыны бұрын-соңды болмаған жерлерде де орын алуда. Сондықтан, қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, – дейді Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, эвакуациялау – бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бектенов сол себепті құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керектігін айтады.

– Олар сіздер үшін тер төгіп жатыр. Ал, адамдарды құтқару оңай жұмыс емес. Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алған. Қылмыскер ұсталды. Күштік құрылымдардың қызметкерлері мен құтқарушылар шын мәнінде батылдық көрсетіп жатыр. Ал Ақтөбе облысында тасқын жағдайында жүкті әйелді босандырып алуға тура келді – анасы мен жаңа туған егіздерді құтқарып қалды, – дейді ол.

Премьердің алғысы

Бектенов қазіргідей қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, ішкі істер, қорғаныс министрліктеріне мен ұлттық ұланның қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғысын білдірді.

– Әріптестер! Қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, сондай-ақ күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашынның салдары еліміздің аумағында, әсіресе батыс өңіріндегі елді-мекендерде көлемді су тасқынына алып келді. 1,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Баспаналар қирап, жолдар бұзылды. Бірқатар өңірлерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Көріп отырғанымыздай, өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады. Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз. Мемлекет басшысы кешегі кеңес барысында тасқын қаупі азайды деуге болмайтынын атап өтті. Қазір ауа температурасының біршама төмендеуіне байланысты тасқынның екпіні басылған сияқты. Алайда, алдағы күндері болжам бойынша ауа райы айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Демек, еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек, - дейді ол.

Жауаптыларға тапсырма

Премьер-министр осыған байланысты бірнеше тапсырма берді. Біріншіден, төтенше жағдайлар министрлігі қорғаныс, ішкі істер министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдауды міндеттеді. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда ең маңыздысы – азаматтарымыздың өмірі. Қажет болған жерде эвакуациялау жұмыстарын алдын ала жүргізу керек дейді ол.

– Екіншіден, төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен және басқа да күштік құрылымдармен бірлесіп, су басқан елді-мекендерде авариялық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдардың жеткілікті көлемін қамтамасыз етсін. Үшіншіден, әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орын алған су тасқынына назар аудара отырып, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су басып кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдасын. Орын алған қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды. Төртінші. Ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет», - деп тапсырды Бектенов.

Сонымен қатар, әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керектігі ескертілді. Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029-шы жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тартатын болды.

– Бесіншіден, төтенше жағдайлар, ұлттық экономика, қаржы, көлік, құрылыс, су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін. Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек беріледі - дейді ол.