Демография өсіп, ЖИ дамыса, жұмыссыздық қаупі артады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Мектеп оқушылары санының өсуі еңбек нарығында бәсекелестікті күшейтіп, жастар арасында жұмыссыздыққа әкелуі мүмкін. Экономика және еңбек нарығы саласының эксперті Олжас Байділдинов биыл 1 сыныпқа барған бала санына байланысты талдау жасап, келешекте туындайтын қауіпті атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САРАПШЫ ПІКІРІ 

Олжас Байділдиновтің сөзінше, қазір мектептерде 4,1 млн оқушы оқиды.  Биыл бірінші сыныпқа 363 мың бала барған, ал болашақта олардың саны 5 млн-ға жетуі мүмкін. 

- Осы балалар мектеп пен жоғары оқу орындарын бітірген кезде еңбек нарығында айтарлықтай бәсекелестік туындайды, — деді сарапшы.

Ол сондай-ақ кейбір жұмыстар роботтар мен жасанды интеллект арқылы алмастырылатынын  еске салды. 

- Бір сыныпта 25–30 бала болса, жыл сайын еңбек нарығына 400–500 мың жас маман шығады — бұл бір ірі қалаға тең халық. Болашақта жастар арасындағы жұмыссыздық экономика тұрақтылығы үшін елеулі сынақ болады, — деп қосты Байділдинов.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЗАҢНАМАСЫ 

Бүгінгі демографияның өсуі мен жасанды интеллекттің дамуы- алдағы он жылдықта еңбек нарығына әсер ететіні сөзсіз. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи осы үрдісті қолдағанымен, мемлекет бұл жағдайдың екінші жағын да ескеруі қажет екенін айтты. Күзде парламентке келетін ЖИ-ға қатысты бірнеше заң жобасын талқылағанда осы аталған мәселені қаперден шығармауды ескертті. 

- Шетелдік компанияларда ЖИ енгізілу салдарынан мыңдаған жұмыс орны қысқарды. Сол сияқты бұл үрдіс Қазақстанға да әсер етуі мүмкін — әлемдік тренд елімізді айналып өтпейді. Сондықтан дайындық жасауымыз керек, — деді Ермұрат Бапи. 

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ 

Биыл ірі халықаралық компаниялар жасанды интеллект жүйелерін енгізу нәтижесінде мыңдаған жұмыс орны қысқарды. АҚШ-та Salesforce компаниясы тұтынушыларға қызмет көрсету бөліміне енгізілген ЖИ жүйесінің арқасында 4000 қызметкерін жұмыстан шығарды. IBM компаниясы 8000 жұмысшыны қысқартты. Алып компания Microsoft-та код жазу процесінің 30%-ын ЖИ атқарады. Осылайша 6000 азамат нәпақасынан айрылды.  Австралияда да жағдай осыған парапар. Bank of Queensland (BOQ) компаниясы 200 қызметкерін жұмыстан шығарды.

Динара Жарқынбек