Стати Вашингтондағы сот процесінде жеңілгенін мойындады

Ulysmedia

Стати тарабы өзінің Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу жөніндегі заңсыз әрекетін кері қайтарып алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

2021 жылғы 28 қазанда Молдова азаматтары Анатол мен Габриэль Стати Вашингтон федералды сотынан АҚШ астанасындағы Қазақстан Республикасының дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы өтінішін қайтарып алуға рұқсат сұрады, дейді әділет министрлігі.

Стати өз өтініштерін 2021 жылғы шілдеде берді. Онда олар Қазақстанның Вашингтондағы дипломатиялық резиденциясы коммерциялық кеңсе ретінде пайдаланылды деп жалған мәлімдеме жасады.

2021 жылғы тамызда Қазақстан сотқа толықтай материалдар ұсынып, Стати мәлімдемелері жалған екенін дәлелдеді. Қазақстан дәлелдемелеріне жауап беруге тырысудың орнына, Стати мерзімді ұзартуды екі рет сұрады. Сот бірінші сұранысты қанағаттандырды. Алайда, Статидің жеткілікті уақыты бар деп есептеп, екінші сұранысын қабылдамай, оларға 2021 жылғы 29 қазанға дейін жауап беруді бұйырды. Осы мерзімнен бір күн бұрын Стати жалған мәлімдемелерін ақтауға тырыспай, өтініштерін қайтарып алуға рұқсат сұрады.

Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру, содан кейін сот шешімін күтудің орнына өз өтініштерін кері қайтарып алу бойынша мұндай әрекеттері –- олардың Қазақстан Республикасының беделіне нұқсан келтіру жөніндегі жалғасып жатқан кампанияның бөлігі саналады. Стати Англиядағы сот процесінде де дәл осылай әрекет етті. Лондонда Қазақстан Республикасы Статидің негізгі төрелік шешімді алаяқтық жолымен алғанын дәлелдеген кезде, Стати жауап ретінде сотқа жүгінудің орнына, өздері бастаған процесті тоқтатып, одан бас тартты.

«Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы Статидің заңсыз әрекеті өтірікке негізделген деген Қазақстан тұжырымдарын Вашингтонда өткен талқылауда Статидің өзінің жеңілісін мойындауы растайды. Бұл Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру және БАҚ-ты адастыру бойынша жүргізілетін кампания аясындағы белгілі әрекеті. Біз әділдіктің орнағанына қуаныштымыз», – деді әділет вице-министрі Алмат Мадалиев.