Су тасқыны: еліміздің барлық имамы бір мезетте дұға жасады

Қалижан Бектемір

Қазақстандағы өңірлерде су тасқыны болып жатқанына байланысты еліміздің барлық имамы бір мезетте дұға оқыды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҚМДБ

ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Бір мезетте бір дұға» игі бастамасына еліміздің барлық өңірінде мешіт имамдары мен жамағаты үн қосып, су тасқынына байланысты Құран оқып, дұға жасады.

Атап айтқанда, жамағатпен бір мезетте дұға жасау Астана, Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудандарында құптан намазы алдында ұйымдастырылды. Имамдар жамағатпен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге жеңілдік тілеп, Алла Тағаладан елдің амандығы мен тыныштығын сұрап дұға тіледі, – делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасында. 

Бектеновтың тапсырмасы 

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін су тасқынына байланысты үкімет мүшелері мен министрлерге бірқатар тапсырма берді. Оның айтуынша, эвакуациялау – бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бектенов сол себепті құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керектігін айтады.

Қазақстанның бірнеше өңірінің халқы неше күннен бері су тасқыны азабын көріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқының жағдайына “тұрақты-күрделі” деп баға береді. Батыс аймақтарда су аздап төмендеген, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарлауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыстар қалуда, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланған.