Ақтөбеде неке сарайында төрт баланың анасының өліміне қатысты тың деректер шықты

Ulysmedia

Ақтөбе облысының құқық қорғау органдары бұған дейін неке сарайында болған ауыр қылмыстың жаңа мән-жайын жариялады. Қаза тапқан әйел – 26 жастағы жергілікті тұрғын, төрт баланың анасы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға түске таман болған, деп хабарлайды КТК. АХАТ ғимаратында ер адам келушілердің көзінше әйелге пышақпен шабуыл жасаған.

Күдіктінің марқұмның бұрынғы бірге тұрған азаматы екені анықталды. Олар шамамен үш жыл бірге тұрған.

Әйел қайтыс болғаннан кейін екі баласы уақытша «Үміт» балалар үйіне орналастырылған. Қалған екі баланың қазіргі жағдайы туралы әзірше ресми ақпарат жоқ.

Ресми түсінік

– Отбасылық жағдайларға байланысты кәмелетке толмаған екі бала «Үміт» балалар үйіне орналастырылды. Бұл жағдай облыстық бала құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында, – деді Ақтөбе облыстық бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев.

Алдын ала болжам бойынша, жанжал ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған.

Ер адам оқиға орнында ұсталып, қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Контекст

Ақтөбедегі Неке сарайында әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірді. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға бұрынғы күйеуі қатысы болуы мүмкін. Неке сарайында әйелдің қасында қазіргі азаматтық некедегі жолдасы да болған