Орынбордағы тасқын Батыс Қазақстан облысына қауіп төндіре ме

Оралхан Қожанов

Соңғы деректерге сүйенсек, Жайық өзенінің деңгейі 689 сантиметрге жеткен. Ең қауіпті деңгей - 850 сантиметр. Бұл ретте, адамдарды эвакуациялау үздіксіз жалғасып жатыр, деп жазады Ulysmedia.kz.

ТАСС

БҚО ТЖД Ақпараттық-аналитикалық тобының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұржан Төлеуіштің айтуынша, Жайық өзенінің деңгейі сәт сайын көтеріліп келеді. Өңірде су тасқыны қаупі сейілмеген.

Осыған байланысты құтқарушылар Жайықтың бойындағы саяжайларда тұратын адамдар қауіпсіз жерге көшуі керектігін ескертеді.

“Облыс бойынша 7039 адам эвакацияланды. Оның 3538-і – балалар. Облыс аумағында 161 эвакуациялық бекет жұмыс істеп тұр. Онда мыңға жуық адам орналастырылды, қалғандары туысқандарының үйіне жайғасты”, – деді ол.

Облыста 10 елдімекенмен жол қатынасы үзілген. Ол елдімекендерде азық-түлік қоры қамтылған.

ТЖД өкілі сонымен бірге Қазгидрометтің болжауынша, Орынбор облысында бұзылған бөгеттің суы Батыс Қазақстанға сәуірдің екінші жартысында ағып келуі мүмкін екенін айтты.

Сарапшылардың айтуынша, қазір Ресейде соңғы жүз жылда болмаған сұмдық алапат су тасқыны болып жатыр. Орынбордың тарихында бұндай жойқын су басу тіркелмеген.

Дәл қазіргі сәтте Орынбор облысында су басқан үйлердің саны 6,3 мыңға жуық, Орскіде 4,5 мың үйге дейін өсті, деп хабарлады РФ жедел қызметтері. 

Тасқынның қатты болғаны сонша, облыстағы кейбір жолдарды 15-ші сәуірге дейін жауып тастаған.