«Қазгидромет» РМК су басқан өңірлердегі ауа райы болжамын айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Бүгінде су деңгейінің көтерілуі Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасып жатыр. Су объектілерінде мұздың еруі кептеліс құбылыстары, су деңгейінің ауытқуы мен жоғарылауы күтіледі. Кей жерлерде өзен арналарында қардың қарқынды еруі, сондай-ақ еріген судың шекті мөлшерден асып кету жағдайы сақталып отыр», - деді «Қазгидромет» мемлекеттік мекемесінің баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова ОКҚ-де өткен брифингте.
Одан әрі «Қазгидромет» РМК өкілі өңірлердегі ауа райы болжамына жеке тоқталды.
Қостанай облысы
Су деңгейі еріген су ағыстардың қосылуы және жоғарғы жағынан судың шығуы есебінен көтерілуде. Су деңгейінің одан әрі жоғарылауы күтілуде, қауіпті белгілерден асып кетуі мүмкін, бұл су деңгейінің жоғарылауына және өзендердің жайылма учаскелерге шығуына әкеледі.
Ақмола облысы
2024 жылғы 7-10 сәуір аралығында Жабай және Қалқутан (Колутон) өзендерінде, олардың салалары мен жоғарғы ағыстарында су деңгейінің сыни белгілерге дейін күрт көтерілуі күтіледі және жайылма учаскелеріне судың шығуымен, мұздың өтуімен және кептеліс құбылыстарымен шектік мөлшерден асып кету жағдайы мүмкін.
Абай және Шығыс Қазақстан облысы
2024 жылғы 8-10 сәуір аралығында қатты жауын-шашынның және температуралық фонның одан әрі жоғарылауының, қардың қарқынды еруі мен өзендердің мұздан ашылуының болжамына байланысты су деңгейінің күрт көтерілуі, мұз кептелістерінің пайда болуы, еріген ағыстардың қосылуы және беткейлік ағындардың қалыптасуы күтілуде.
Атырау облысы
2024 жылғы 7-9 сәуір аралығында Ембі өзені бассейніндегі су деңгейінің жоғары болуына байланысты өзен ағысы бойынша төмен орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстар мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады.