«Еліме өтеусіз сыйым»: Нұрасыл Медеу спорт университетін мемлекетке беретінін мәлімдеді

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу өзі құрған жоғары оқу орнын мемлекетке өтеусіз беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Нұрасыл Медеудің айтуынша, бұл – университет ашылған кезден бастап ойында жүрген, өз еркімен қабылдаған шешімі.

«Бұл – сату да, сенімгерлік басқаруға беру де, мәжбүрлі қадам да емес. Бұл – туған еліме жасаған өтеусіз сыйым», – деп атап өтті Медеу.

Университет 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде ашылып, алғашқыда 150 студент қабылдаған. Қазір оқу орнының мәліметінше, мұнда бес мыңға жуық студент білім алады. Осы уақыт ішінде киберспорт бағдарламалары, спорт журналистикасы зертханасы, Олимпиадалық зерттеулер орталығы ашылып, халықаралық білім беру жобалары қолға алынған.

Студенттердің гранттары не болады?

Нұрасыл Медеу бұған дейін құрылтайшы тарапынан бөлінген барлық грант толық көлемде сақталатынын айтты. Оның сөзінше, студенттердің оқу мерзімінің толық шығынын жабуға арналған қаражат университет шотында тұр. Сондай-ақ гранттарға қатысты міндеттемелер заң жүзінде бекітіледі.

Студенттерді қолдау бағдарламаларының бірі – Life Chance Grant. Бағдарлама аясында тегін білім алу, ай сайын 100 мың теңге стипендия алу, жатақханамен қамтамасыз етілу, тәлімгер көмегіне жүгіну және шетелде оқу шығындарын қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған.

Нұрасыл Медеу кім?

23 жастағы Нұрасыл Медеу – Құрылтай депутаты, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиен әпкесі Дана Медеуованың ұлы. Осылайша, ол мемлекет басшысының жиеншары болып келеді.

Бұған дейін Нұрасыл Медеудің екі жоғары оқу орнындағы үлесінің 95 пайызына иелік ететіні белгілі болған. Олар – Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті және Қазақ ұлттық спорт университеті. Әр оқу орнындағы қалған 5 пайыз үлес мемлекеттік компанияларға тиесілі. Мемлекетке беру туралы шешім спорт университетіне қатысты қабылданған.

Бұл бастаманың мен үшін ең маңызды тұсы – студенттердің білім алу мүмкіндіктерін сақтау. Әр гранттың артында өз жоспары мен үміті бар нақты жас тұр. Университеттің жаңа кезеңі білікті оқытушыларды сақтап қалуға, басталған жобаларды дамытуға және одан да көп жастың сапалы білім алуына жол ашады деп сенемін.