Сумин өңірлердегі ахуалды баяндады

Оралхан Қожанов

Қостанай облысының Қаратомар су қоймасынан секундына 3250 текше метр су жіберіліп жатыр. Су қоймасы 99%-ға толды, транзиттік режимде жұмыс істеуде. Су жіберу көлемі ұлғаюы мүмкін, деп жазады Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Қазіргі таңда министрлік пен әкімдік қызметкерлері су жіберу бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиеваның мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 3820 текше метр су жіберіледі, ал Петропавл су қоймасынан секундына 73 текше метр босатылады. Екі су қоймасы да 100% толы. Облыста су тасқыны жалғасып жатыр.

“Аталған облысқа су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов барып, су өткізуді реттеу жұмысын жеке қадағалап жүр”, – деді ол.
 

Ақмола облысындағы Астана су қоймасы транзиттік режимге көшті, қазір секундына 400 текше метр су жіберіледі және тура сол көлемде су келіп жатыр. Ақмола облысының Селетин су қоймасынан секундына 150 текше метр су жіберіледі. Нысан 99,4%-ға толды.
 
Батыс Қазақстан облысында әлі күнге дейін Шаған өзені деңгейінің көтерілуі байқалады, мұнда секундына 680 текше метр су жіберіліп жатыр, Деркөл өзені бойынша су деңгейі төмендеді. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтіледі.
 
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ресейлік әріптестерімен алмасып жатқан деректеріне сүйенсек, бүгінде Ириклин су торабынан секундына 1680 текше метр су жіберіледі, ең жоғарғы белгі 4 сәуірде – секундына 2600 текше метр болған.
 
Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдіктерінің мамандарымен бірге Жайық өзенінің арнасын тазарту және су басуды азайту үшін кептелістің алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде.
 
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының су қоймасында жағдай тұрақты. Нысан 97% толы, секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Қарғалы су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Су қабылдау және өткізу көлемі секундына 350 текше метр.

Келесі аптаның басында Шығыс Қазақстан облысының су қоймаларында су тасқыны болады деп күтілуде. Бұқтырма су қоймасына күтілетін орташа ағын 1780-2720 млн текше метр, Шүлбі су қоймасына – 2380-3730 млн текше метрді құрайды.
 
Ертіс өзені бойынша су ағыны күтілуде, сондықтан Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында әкімдіктер мен  Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері су өткізу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті іс-шараларды атқарып жатыр.
 
Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының шарықтау кезеңі өтті, су қоймалары транзиттік режимге көшті.

“Бүгінгі таңда негізгі күш-жігер өзендердің ағынын реттеу және тасқын суын өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су шаруашылығы жағдайына сағат сайын мониторинг жүргізіледі, су қоймаларынан су жіберу жөніндегі деректер әкімдіктерге және оперштабқа сағат сайын беріледі”, – деді Мөлдір Абдуалиева.

Су қоймалары арқылы өзендердің ағынын реттеу нәтижесінде Қарағанды облысындағы су қоймаларынан төмен орналасқан елдімекендерді су басу қаупі барынша азайды.