1997 жылы заңсыз сатылып кеткен Абай педагогикалық университетінің жері қайтарылды

Сырым Қаржас

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің» мүлкін заңсыз иеліктен шығару фактісін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Алматы қаласы прокуратурасы 1997 жылы жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатқанын анықтаған.

– Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған. Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштеріне жатады, ал жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі - «Ескі қақпа» орналасқан. Кейіннен оқу корпусының ғимаратында «Ескі қақпа» атты мейрамхана ойын-сауық мекемесі – ұйымдастырылған, – делінген хабарламада.

Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірген. Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды, шешім заңды күшіне енді.