Сүлейменов: бұрын-соңды болмаған су тасқынынан ықтимал тәуекелдер туындап отыр

Аян Өрібай

Ұлттық банк басшысының айтуынша, су тасқынының салдарын жоюға қажет болатын бюджет шығыстарының көлемі әлі анықталмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Базалық мөлшерлеме неге өзгермеді?

Базалық мөлшерлемені бүгін екі ай бұрынғы көрсеткіште қалдырған Тимур Сүлейменов мәлімдеме таратты. Оның айтуынша, осы шешімді қабылдау кезінде инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілген. Ақпан мен наурызда жылдық инфляцияның қарқыны баяу төмендеген.

– Наурызда инфляцияның орнықты бөлігі айтарлықтай баяулады. Бірақ бұл уақытша болуы мүмкін. Сондықтан бағалардың келесі айлардағы динамикасын мұқият қадағалайтын боламыз. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап қалыптасып отыр. Наурызда азық-түліктің әлемдік бағасы негізінен өсімдік майы бағасының көтерілуі есебінен біршама өсті. Астық бағасы да төмендеу үрдісін жалғастырды, – дейді ол.

Ұлттық банк басшысы сыртқы ақша-кредит шарттары әлі де қатаң екенін, соымен бірге, мұнай бағасының көтерілуіне байланысты әлемдегі инфляциялық қысым тәуекелдері артып келе жатқанын айтады.

– Экономикада инфляциялық қысымды орнықты тұтынушылық сұраныс тудырып отыр. Оған тұтынушылық кредиттеудің кеңеюі ықпал етті. Жоғары инфляциялық күтулер мен реттелетін қызметтерде жалғасып келе жатқан реформалардың инфляцияның тез төмендеуіне кедергі келтіріп отыр, – дейді ол.

Ұлттық банк төрағасы қабылданған шешім бұған дейінгі риторикаға толық сәйкес келетінін, бірізді әрекетті жалғастырып, ақша-кредит саясатының ұстамды қатаң сипатын сақтау қажет деген позицияны ұстанатынын айтады. Инфляция баяу төмендеп жатқан тұста маңызды қадам осы дейді. 

Су тасқыны жайлы

Сүлейменовтың сөзінше, ықтимал тәуекелдер ел аумағында бұрын-сонды болмаған су тасқыны салдарына байланысты туындаған.

– Сондай-ақ су тасқынының салдарын жоюға қажет болатын бюджет шығыстарының көлемі әлі анықталған жоқ, – дейді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдаған еді.