Тоқаев күйші Әбдімомын Желдібаевтың туыстарына көңіл айтты

Ulysmedia

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәулескер күйші, композитор, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеке мұрағат

– Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Әбдімомын Желдібаев 1934 жылы 15 қазанда Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

30 жылдан астам уақыт «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. Композитордың «Арман құс», «Толғау», «Жесір сазы», «Ыдырыс», «Аққу», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар.

Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған. Күйшінің атақты туындысы – «Ерке сылқымның» құрметіне 2011 жылы Шу қаласында ескерткіш орнатылған.