Су тасқыны салдарынан Астана халықаралық форумы өтпейді

Оралхан Қожанов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, биылғы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұрағат

Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді. 

Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастыратын болады.

Айта кетейік, былтыр 70 елден мыңнан астам қонақтың қатысуымен өткен Астана Халықаралық форумында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелер талқыланған болатын.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашылу салтанатында сөз сөйлеген сөзінде Астана Халықаралық форумы өз миссиясымен диалог алаңы болып табылатынын мәлімдеген еді.

«Бізге барлық континенттердің достары мен әріптестері, үкімет өкілдері, дипломаттар, бизнес пен академия өкілдері қосылды. Біздің арнайы қонақтарымызға – Катар мемлекетінің әміріне, Қырғызстан президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан премьер-министріне және басқа да құрметті қонақтарға шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Жаһандық экономика және өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмасуға келуге және бізге қосылуға дайын екеніңізді білдіргеніңіз біз үшін үлкен мәртебе. Біз бұл халықаралық әріптестікті білдірудің бір жолы деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.