Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі бір тәулікте 12 сантиметрге көтерілді, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың 14 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметіне қарағанда, өзен деңгейі 755 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
Жайық деңгейі Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 1 сантиметрге (803 см, қауіпті деңгейі – 1 250 см) төмендегенімен, басқа тұстарда жоғарылағаны байқалады. Айталық, Оралдан басқа Көшім ауылы тұсында өзен деңгейі 739 (+21 см), Тайпақта 448 (+8) сантиметрді көрсетті.
Оған қоса Көшім каналындағы су деңгейі 4 сантиметрге өсіп, қауіпті шектен (800 см) 7 сантиметрге асып кетті.
Сондай-ақ Бәйтерек ауданында Рубежка өзеніндегі су деңгейі 816 сантиметр (+7, қауіпті шегі – 1000 см) болды.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Қазгидромет Жайықтың Қазақстан аумағында ең қатты толатын күндерін атаған еді.