2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігінен ресми кешірім сұрауды талап ететін қырғыз музыканты Викрам Рузахунов өз ісі бойынша соңғы жаңалықтарды хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Белгілі болғандай, оның ісі ҚР Бас прокуратурасына берілген.
Музыканттың айтуынша, осы уақытқа дейін полиция қызметкерлерінің төртеуі ұсталып, қамауға алыныпты.
"Олардың бірі азаптау мен зорлық-зомбылық фактісін мойындады, екіншісі “сатылған” блогерлер мен журналистерді жалдап, өтірік әдетіне басып, тіпті балалары мен анасын алға тартып, өзін-өзі өртеп жіберемін деп қорқытуға тырысады", - деді ол.
Рузахунов тергеу жаңа серпін ала бастағанын жеткізді.
"Бас прокуратура істі қисынды түрде аяқтайтынына сендірді. Пагонды 4 қылмыскердің ұсталуы - тек бастамасы ғана. Қалғандары да көп ұзамай құрықталады. Ешкім жауапкершіліктен құтыла алмайды. Азаптауға, зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Әу бастағы талап азаптау және жалған ақпарат тарату бойынша ресми кешірім сұрау болған еді. Енді істе қосымша дәлелдер пайда болды! Тергеу жалғасуда", - деді музыкант.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың Қазақстан ІІМ атына берген ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Қырғызстандықтың адвокаттары ҚР ІІМ-нен Рузахуновтың алматылық полицейлер қысымымен айтылған айғақтарын, яғни Қазақстанға 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысу үшін келгені жөніндегі жауаптарын дұрыс емес деп тануды және музыканттан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен еді.
2022 жылдың қаңтар айының басында Қазақстандағы жаппай наразылық кезінде Қырғызтан азаматын қазақстандық қауіпсіздік күштері ұстап алып, аяусыз ұрып, мемлекеттік телеарналар арқылы көрсеткен еді. Қырғызстандықтар оның танымал музыкант Викрам Рузахунов екенін танып қойған. Ол сол тұста Алматыға концертке келген. Бішкек осы оқиға бойынша Астанаға ресми нота жолдады. Резонанс аясында қазақстандық билік музыкантты босатқан. Отанына оралғаннан кейін ол азапталғанын және өзін айыпты ретінде көрсетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.