Президент Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аймақтарын тікұшақпен аралады

Ulysmedia

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап көруден басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ақорда

Не болды

Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған.

Су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған, – делінген хабарламада.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.