Қазақстан билігі тасқыннан зардап шеккендерге өтемақыны апта соңына дейін аяқтауға уәде берді

Сырым Қаржас

Премьер-Министрі Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында қаржы министрі Мәди Такиев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкімет не дейді?

Бүгінгі таңда зардап шеккен 3 561 отбасына жоғалған мүлкі үшін 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы түрінде шамамен 1 млрд теңге төленді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу процесі осы апта соңына дейін аяқталады. Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін зардап шегушінің өз таңдауы бойынша жаңа үйлер салынады немесе нарықтан дайын баспана сатып алынады. Саяжай бойынша, егер ол зардап шеккен адамның жалғыз үйі болса, осындай тетік қолданылатын болады.

Кеңесте су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердің әкімдері келтірілген залалды өтеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ағымдағы нәтижелері туралы баяндады. Мәселен, Павлодар облысында демейшілермен бірге  119 үй бойынша залал өтеліп, тұруға жарамсыз 5 үйдің құрылысы басталды. Қостанай облысында зардап шеккендер үшін Арқалық қаласынан 27 пәтер сатып алынды, 1 600 отбасына әлеуметтік көмек төленді. Ақтөбе облысында 44 отбасына 94,3 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтелді; 57 жаңа үйдің құрылысы басталды. 

– Әкімдіктердің жедел деректері бойынша бүгінде зардап шеккен үйлер саны – 9 627, оның ішінде 9 610 жеке, 17 көппәтерлі тұрғын үй. 2 123 үйге жүргізілген техникалық тексеру нәтижелеріне сәйкес 1 067 үй қалпына келтіруге жатпайтыны анықталды, ал 1 056 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген. Зардап шеккен тұрғын үйлерге келтірілген залалды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген хабарламада.

Үкімет басшысы бұл алдын ала жасалған деректер екенін және бірқатар өңірлердегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып, шығын ауқымы арта түсуі мүмкін екенін атап өткен.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген. Солтүстік Қазақстанда су өзеннен тасып,  облыс орталығының бірнеше ауданын су басты.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.