Мүгедектердің ақшасына қол салған. Ақтөбеде қайырымдылық қорына қатысты шу шықты

Ulysmedia

Ақтөбеде қайырымдылық қорының басшылары мүгедек балалардың ата-аналарын алдап кеткен деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Не болды? 

Ақтөбеде мүгедек балаларға арналған қордың ақшасына басшылары қол салған. Емдеу үшін елден ақша жинап, артынан ерекше балалардың ата-аналарын алдап кетіпті. Шетелге апарып емдетпек түгілі, түрлі сылтау айтумен жүрген. 
 

“Алматыда 11 химия терапиясынан өттік. Одан Мәскеуде өттік. Содан былтыр қыркүйек айында «Море лайфқа» хабарласып, көмек сұрадық, осылай баламызды шетелге апаруға деген. Біз бес күнде 5 млн жинап тапсырдық. Ол ақшаның тек бізге жұмсағаны 230 мың теңге. Астанаға барып-келуге жұмсалды. Қалған ақшаның бір теңгесін де қайтарған жоқ.”- деді Ақтөбе қаласының тұрғыны, Темірхан Арун. 

Баласының еміне дауа іздегендер енді құзырлы органдардан көмек сұрап жүр. Қайырымдылық қоры олардың ұл-қызын алыс шет мемлекеттердің медициналық орталықтарына апарамыз деп сендірген. Тек ата-аналардан видео үндеу жаздырып, балаларды суретке түсіріп алады. Ең қызығы, ақшаны мүгедек баланың отбасы өзі жинап, оны қолма-қол қорға 5 миллионға толғанда беріп отырады. Ақыры шетелдегі ем де жоқ, ақша да жоқ, алдап кетеді. Қазір қайырымдылық қорға қатысты алты ата-ана арыз жазған. Қор басшысы қамауға алынды. Келтірген шығын 30 миллион теңге. Құзырлы органдағылар зардап шеккендер одан да көп болуы мүмкін дейді.  

Ресми орган не деді? 

Тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар кеше , яғни 16 сәуір күні осы қайырымдылық қордың жетекшісі Қылмыстық процестік кодекстің 128 бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде - деді  Ақтөбе қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Қалдығожин.