Қазақстандағы су тасқыны: өңірлердегі ахуал қандай

Аян Өрібай

Қазақстанның өңір-өңірлерінде әлі де су тасқынының салдарымен күрес тоқтаған жоқ. Құтқарушылар, әскерилер, еріктілер әлі де тасқынның жолын бөгеп, адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, полиция қызметкерлері иесіз қалған үйлерді қадағалап жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz   

Коллаж: ulysmedia.kz.

Батыс Қазақстан

ТЖМ мәліметінше, Түркістан облысының құтқарушылары Ақжайық ауданы Чапаев елдімекенінде жағалауды нығайту жұмыстарына жұмылдырылған. Бүгінгі таңда ол жақта шамамен 15 мың қап инертті материалмен толтырылып төселген. Ал Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері Орал қаласындағы Коминтерн учаскесіндегі тұрғын үйлердің айналасында қорғаныс бөгетін құру мақсатында 6 мың дана қапшық төсеген.

Құтқарушылар Маңғыстау облысынан да келген. Олар Теректі ауданының Подстепное ауылында тасқынның алдын алу мақсатында 2200 дана қапшық төсеп, су айдау жұмыстарын жүргізген.

Түнде Орал қаласында бау-бақша серіктестіктері орналасқан Орал өзенінің жағасында орналасқан халықты ақпараттандыру және алдын ала эвакуациялау жұмыстарын Астана қаласы мен Қызылорда облысы ТЖД-нің жеке құрамы қолға алды.

Батыс Қазақстан облысына жалпы 556 тонна көмек жеткізілген. Облыстық штаб, басқа өңірлерден жеткізілген гуманитарлық көмекті қабылдау мен тарату жұмыстарын тәулік бойы жүргізген. Штабтың жұмысы облыстық азаматтық альянсының үйлестірумен қолға алынды. Штаб жұмысын ауысыммен 500-ге жуық ерікті, студенттік ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және бейжәй қарамайтын қала тұрғындары жүргізіп жатыр. Мекен-жайы: Зашаған кенті Мөнкеұлы көшесі 14.

Жылыойдағы жағдай

Жылыой ауданында да су тасқыны салдарын жою жұмыстары тәулік бойы жалғасты. Ауданда Жем өзені суының деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлер мен ғимараттарды су басқан болатын. Қазіргі уақытта су басқан тұрғын үйлерден су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ресми ақпараттарға сәйкес, су тасқыны басталғалы Жылыой ауданында 731,300 текше метр су сорылған. 245 000 топырақ және 397 000 тонна инертті материал төселген.

Солтүстік Қазақстан

Солтүстік Қазақстанда өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тасқын судың ортасында қалған Прибрежное ауылының тұрғындарымен кездескен. Өңір басшысы қиын сәтте ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуді жөн көріп, су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілетіні туралы айтқан. Азаматтар өздерін толғандырған сұрақты қойып, оларға барынша жауап берілгенін әкімдік хабарлайды. Ауылда әкімдік тұрғындардан келтірілген шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауды бастайды. Ол үшін эвакуациялау пунктінде Старлинк спутниктік интернеті орнатылды.

Су тасқынының алғашқы күндері тұрғындардың бір бөлігі ауылдан тікұшақпен көшірілген.

28237 әскери бөлімінің жеке құрамы Қызылжар ауданындағы Петропавл қаласының әуежайына бағытталған жолында бөгеттерді күшейту жұмыстарын жалғастырды.

Солтүстік Қазақстан облысының Новоишимское ауылында полиция қызметкерлері тұрғындар тастап кеткен үйлерді бақылап жүр. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы ауылдардан рекорд деңгейіндегі су тасқыны басылған: мұнда 30 адам эвакуацияланған.

Қазавожол не дейді

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы су тасқыны жайлы жаңа ақпаратты Қазавтожол таратты. Мекеме мәліметіне қарағанда, 2024 жылдың 18 сәуіріндегі сағат 09:00 жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа-райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан үш облыста (Ақмола, СҚО, Қостанай) 8 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 7120 метр болатын су тасқыны болған. Бес облыстағы (Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, СҚО) республикалық маңызы бар 12 автомобиль жолдарында (ұзындығы 720 км) қозғалысқа шектеу қойылған.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.