"Өз үйім - өлең төсегім": су тасқынынан кейін 22 734 адам үйлеріне оралды

Оралхан Қожанов

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 22 734 адам өз үйлеріне оралды. 8 809 адам, оның ішінде 3 828 бала әлі күнге дейін эвакуациялау пункттерін паналап отыр, деп жазады Ulysmedia.kz.

gov.kz

«Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында үйлер мен аумақтардан суды шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 36 484 адам, 5 083 техника, 888 су сору құралы, 381 жүзу құралы, 16 әуе көлігі жұмылдырылды», - делінген ТЖМ ұсынған мәліметте.

Өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар, азаматтарды құлақтандыру, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына Жайық өзені арқылы Ресей Федерациясы жағынан су тасқынының екінші толқынына қарсы іс-шаралар ерекше бақылауда тұр.

Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 81 523 қапшық және 2 770 тонна инертті материал төселді, бөгеттердің іргесін көтеру әрі нығайту жалғасады.

Атырау облысында 824 мың қапшық және 2 700 тонна инертті материал төселді, 4 424 км бөгет тұрғызылды, бөгеттердің іргесін нығайту жалғасып жатыр.

Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жасалып отыр, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын іске асырылады.