Кәсіпкерлер пандемия кезінде тексерушісымақ органдарға жем болып жатыр – депутат

Аян Өрібай

Депутат Азат Перуашев мәжіліс отырысында осылай деді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер пандемия кезінде тексерушісымақ органдарға жем болып, қысымға ұшыраған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Өкінішке қарай заң жобасын әзірлеушілер (Әсет Ерғалиев баян еткен кәсіпкерлік саясат туралы заң жобасы) бірқатар мәселелерді назарға алмайды. Біз үкімет алдында оны көтеріп, заң жобасы аясында шешімін табу қажет деп санаймыз. Себебі заң шенеуніктер үшін маңызды тақырыптарымен ғана шектелмеу керек. Бұл заңның басты мақсаты – кәсіпкерлерді мазалайтын және жұмыстарына нұқсан келтіретін сұрақтарға жауап беру шығар. Заң жобасында, пандемия мен карантиндік шаралар кезіндегі тәжірибелер ескерілмеді. Бірақ дәл осы кезеңде еш заңмен қарастырылмаған «мониторингтік топтар» өз жұмысын бастаған болатын. Олардың қызметі кәсіпкерлік кодексіне және бизнесті реттеудің негізгі ұстанымдарына қайшы келеді», - деді Азат Перуашев.

Оның айтуынша прокуратура органдары бұл топтардың жұмыс тәсілін заң шеңберінен шығу деп мойындаған. Мониторинг топтарының заңсыздығы туралы «Ақ жол» фракциясының сұрауына прокуратура олардың заң бойынша жұмыс істей алмайтыныны туралы жауап берген. Яғни олар заңсыздықты ақтап, заңнан тыс қызмет етуге мүмкіндік беруде.

«Екі жыл бойы шағын және орта бизнес, ешбір заңда қарастырылмаған тексерушісымақ органдарға жем болып, олардың құқықтық емес қысымына ұшырады. Соған сәйкес, бизнестің қорғану құқықтары да жан-жақты бұзылған. Осы орайда мұндай жағдайларда мемлекеттік органдардың әрекетін реттеп, кәсіпкерлерге өз заң құқығын қорғауға мүмкіндік беретін «Карантиндік шаралар» туралы заң жобасын әзірлеуді ұсынған едік. Бұл қазіргі жағдайда өте өзекті мәселе», - деді ол.

Қазақстанда коронавируспен ауыру жағдайы қалыпқа түскенмен, әлемде пандемия әлі жалғасуда. Көрші Ресейде тәулігіне 40 мың адам індет жұқтырып, күн сайын 1 мыңнан астам адам қайтыс болуда

Перуашев екі жыл бойы бизнеске жасалған құқықтық емес қысымнан сабақ алып, карантин жағдайындағы тексеруші топтардың әрекеті мен кәсіпкерлердің өз құқығын қорғауын заң аясында реттеу қажеттігін мәлім етті. Кәсіпкерлік кодекстен тыс – бизнесті тексеру не мониторинг жасау, не басқа да қадағалау түрлеріне тыйым салыну, немесе карантиндік шараларды заңмен зандастыру керек.