2,1 миллиард теңге: пластикалық операцияға өтініш көбейген

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Аналитикалық Data Hub арнасының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қараша айында Қазақстанда реконструктивтік және қалпына келтіру операцияларына (яғни пластикалық операцияларға) төлем жасау үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану күрт артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Айдың қорытындысы бойынша 2 277 өтініш орындалған, жалпы сомасы шамамен 2,1 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда 33–39 есе жоғары. Бұған дейін қазақстандықтар пластикалық операцияларды зейнетақыдан алуға аса көп қолданбаған еді.

БҰРЫНҒЫ КӨРСЕТКІШТЕРМЕН САЛЫСТЫРУ

Бағамды түсіну үшін: бағдарлама басталғаннан 1 қарашаға дейін барлығы 1 631 өтініш орындалған, сомасы 1,6 миллиард теңгеге жетпеген. Яғни, бірнеше жылдық жиынтық көлем бір ғана өткен айдағы көрсеткіштен аз болды.

Data Hub атап өткендей, мұндай «жарылыс тәрізді» өсімдер қыркүйекте стоматологияға өтініш қабылдау тоқтатылғаннан кейін байқала бастады. Бұған себеп – өтініштердегі көптеп кездескен жалғандық жағдайлары.

СТОМАТОЛОГИЯДАН КЕЙІН – ОФТАЛЬМОЛОГИЯ

Telegram-арнаның авторларының айтуынша, «тіс емдеу» бағыты жабылғаннан кейін офтальмологияға өтініштер күрт көбейген.

Алайда желтоқсан басында «Отбасы» банкі көзге қатысты өтініштерді қабылдауды да тоқтатты. Себебі – тағы да күмәнді өтініштердің анықталуы. Соған қарамастан, қараша айында офтальмологиялық мақсаттарға 9,8 мың өтініш орындалып, жалпы сомасы 8,4 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қазан айымен салыстырғанда шамамен үштен біріне төмендеді. Сонымен қатар бұрын орындалған өтініштер бойынша қайтарулар көбейе бастады. Қайтарудың бір себебі – қаражатты мақсатсыз пайдалану.

Data Hub дерегіне сүйенсек, стоматологияға жаңа өтініштер екі айдан бері мүлде орындалмайды, тек бұрынғы өтініштер бойынша қайтарулар жүріп жатыр. Ал пластикалық операцияларға қатысты қайтару көрсеткіші әзірге төмен деңгейде қалып отыр.