Бұл сұрақ бүгін үкіметтің баспасөз орталығында төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықовқа қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде бар
– Әлеуметтік желіде Құлсарыдағы тасқынға әлдебіреулердің заңсыз бөгет салғаны себепкер болған дегенге саятын бейнелер қаптап жүр. Осыған байланысты тергеу жүргіздіңіздер ме? Нәтиже бар ма?» -деп сұрады журналист.
Вице-министр ондай ақпараттың тарағанын растады. Бірақ әлі тексеру басталмаған.
– Иә, ондай ақпараттар әлеуметтік желіде бар. Бүгінгі таңда ол жақта әлі тергеп-тексеру жұмыстары басталған жоқ. Қазір су кеткеннен кейін басталады», - деді Бауыржан Сыздықов.
Абзал Құспан не деді
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өзінің Фейсбук парақшасында Құлсарыдағы апатқа табиғи фактормен қатар жекелеген адамдардың кінәсі бар екенін жазған еді.
– Тек құр сөз емес, қолыма нақты құжаттарда тиді, белсенді азаматтар мен ақсақалдар, тіпті облыстық маслихат депутаты тарапынан, заңсыз, ешқандай құжатсыз бөгет соғып алған жергілікті олигархтарға қатысты мәселе - өткен жылдың, иә, иә қате естімедіңіз, 2023 жылдың қараша айынан бастап көтерілген. Алайда, ешбір лауазым иесі уақытылы құлақ түрмеген, заңды шешім қабылдамаған…”, – деді А.Құспан.
Депутаттың айтуынша, бұл бағытта көлеңкелі дүниелер аз емес.