Газа Секторындағы үйінділерді аршып, жарылғыш заттарды залалсыздандыру үшін 14 жыл кетуі мүмкін, деп жазады Ulysmedia.kz.
БҰҰ-ның өкілдері осындай болжам жасап отыр. Олар атыс-шабыстан аймақта 37 миллион тонна қоқыс жиналып қалғанын хабарлайды.
Былтыр қазанда басталған қарулы қақтығыстан өңірге 18 жарым миллиард доллар шығын келген. Бұл Палестинаның 2022-жылғы жалпы ішкі өнімінің 97 пайызына пара-пар. Әсіресе тұрғын үй секторына зор залал келген.
"Қираған нысандардың 65 пайызы - тұрғын үйлер. Бір шаршы метрге 300 келі қоқыстан келеді. Есептеуімізше, оның бәрін тазартып, жүк көліктерімен шығару үшін 14 жыл кетеді”, – дейді БҰҰ залалсыздандыру қызметі жөніндегі аға офицері Пер Лодхаммар.
Естеріңізге салсақ, Палестинаның Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторында Израильдің жалғасып келе жатқан шабуылдары салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 34 012-ге жеткенін хабарлаған болатын.