Қазақстанда Жошы хан туралы фильм түсіріліп, оған ескерткіш қойылады

Айнель Аянова

Жошы ұлысының 800 жылдығына орай елде Жошы туралы толықметражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру мәселесін пысықталып жатыр, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Ақпарат қайдан тарады?

Бұл туралы үкімет басшысы депутаттарға берген жауабында келтірген. Жауапқа сәйкес, Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі 30 іс-шарадан тұратын жалпы республикалық жоспар бекітілген. Онда Жошы туралы толықметражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру мәселесін пысықтау, қалаларда Жошы ескерткішін орнату шаралары көзделген. Сонымен қатар Жошының өмірі, оның ұрпақтарының Жошы ұлысында билік құрған кезеңі туралы шағын кітаптар, комикстер шығару, ғылымипрактикалық конференциялар, семинарлар, конгресс, «Алтын Орда» энциклопедиясының таныстырылымын өткізу, экспедициялар ұйымдастыру қарастырылған.

Алтын Орда тарихы мен Жошы хан туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар түсіру, монумент тұрғызу мәселелері аталған жоспар шеңберінде жалғасады.

Алтын Орда тарихы оқушыларға жаңаша оқытылады

Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдалана отырып, «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылым әзірлеп жатыр.

Академиялық басылымның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқулықтар әзірленеді. Оның аясында оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабына сай оқытылады.