Қостанай облысында екі көлік соқтығысып, салдарынан біреуі жолдан шығып, кейін аударылды. Жол апатынан төрт адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайдs Ulysmedia.kz.
Жол апаты Аманқарағай ауылының маңында, Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолының 92-шақырымында болған.
Оқиға орнынан түсірілген видеода полиция мен жедел жәрдем көліктері, сондай-ақ, жол жиегінде аударылып жатқан автокөлік көрінеді.
Қостанай облыстық Полиция департаменті жол апатына Hyundai және Volkswagen маркалы екі көлік қатысқанын растады.
Полиция мәліметінше, Hyundai жүргізушісі жолдағы жағдайдың қауіпсіз екеніне көз жеткізбестен, көлігінің бағытын өзгерткен. Сол кезде қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Volkswagen көлігімен бүйір жағынан соқтығысқан.
Апат салдарынан төрт адам жарақат алды. Олардың барлығы ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы әзірге мәлімет жоқ.
Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап, апаттың неден болғанын тексеріп жатыр.
Оқиғаның нақты себептері тергеу қорытындысы бойынша белгілі болады.