Қазақстан, Украина және Чехия полициясы бірлесіп, интернет-алаяқтық бойынша екі трансұлттық қылмыстық топты жойды. Олар Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, банктік деректерін алуға тырысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Запорожье қаласында алаяқтардың екі call-орталығы жойылды
Polisia.kz ақпараты бойынша, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы барын анықтады.
Министрліктің қызметкерлері қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірлесіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобының әрекетіне тосқауыл қойды, – деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Дереккөз мәліметіне сүйенсек, Запорожье қаласында алаяқтардың екі call-орталығы жойылған.
Күдіктілер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, шоттарының деректерін алуға тырысқан.
Жалпы 9 адам ұсталған. 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм «метадон» препараты тәркіленді.
Тергеу жүріп жатыр
Одесса қаласында үш алаяқтық call-орталық таратылып, жалған инвестициялық компанияларға қаржы саламыз деп азаматтарды алдаған.
Аталған дерек бойынша мұнда 23 адам ұсталып, 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді.
Қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру амалдары жалғасып отыр, - деді Шыңғыс Алекешев.