Ресейде дрон шабуылына Сбербанктің деректерді өңдеу орталығы ұшырады. Компания шабуыл болғанын растады, алайда барлық қызметі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
14 қазанға қараған түні Ресейдің Саратов облысындағы Балаково қаласына дрондар шабуыл жасады. Зақымданған нысандардың қатарында Сбербанктің салынып жатқан деректерді өңдеу орталығы да бар.
Шабуыл болғанын банк басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Ведяхин растады.
– Деректерді өңдеу орталығына шабуыл жасалғанын растаймыз. Сбербанктің барлық жүйесі мен қызметі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – деді ол.
Astra мәліметінше, оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерден салынып жатқан деректер орталығы мен оған жақын орналасқан ангардың зақымданғанын көруге болады.
Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл орталық Ресейдегі ең ірі деректер орталығына айналуға тиіс еді. Оның аумағы 60 мың шаршы метрді құрап, ішінде шамамен 120 мың сервер орналастыру жоспарланған.
Қаза тапқан адам бар, әуежайлар жұмысын уақытша тоқтатты
Шабуыл тұрғын үйлер орналасқан аудандарға да әсер етті. Саратов облысының губернаторы Роман Бусаргин Балаково қаласында бірнеше үйдің зақымданғанын және бір адамның қаза тапқанын хабарлады.
Ресейдің басқа өңірлерінде де түн тыныш өтпеді. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 902 дронды атып түсірген.
Шабуыл қаупіне байланысты Мәскеудегі әуежайлардың жұмысы уақытша шектелді. Сондай-ақ Саратов, Самара, Волгоград, Пенза, Нижний Новгород және Ярославль әуежайларында да шектеулер енгізілді. Кейбір ұшақтар басқа қалаларға бағытталды.