Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы белгілі болды

Сырым Қаржас

Қазақстанның кәсіпқой боксшысы, WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өзінің келесі қарсыласын таңдады, деп хабарлайды Ulys Sport. 

Фото: Ашық дереккөзден

Boxingscene.com ақпаратына сәйкес, боксшының қарсыласы – WBC-дің сол салмақтағы "уақытша " чемпионы, доминикандық Карлос Адамес (23-1, 18 KO).

Екі боксшының арасындағы шиеленіс бірнеше күн бойы әлеуметтік желілерде жалғасып келеді. Енді олар рингте кездеспек. Егер бұл ақпарат расталса, олардың жекпе-жегінде төрт титул сарапқа салынады.

Екі боксшы да кейінгі жекпе-жегін былтыр өткізген: Адамес маусым айында тоғызыншы раундта америкалық Джулиан Уильямсты (29-4-1, 17 КО) жеңген. Әлімханұлы қазан айында алтыншы раундта неміс Винченцо Гуальтиериді (21-1-1, 7 КО) жеңіп, одан IBF титулын тартып алды.