Жайық тағы көтерілді: Қауіпті деңгейге 30 сантиметр қалды

Ulysmedia

Атырау облысындағы Жайық өзенінің деңгейі таңертенмен салыстырғанда тағы да көтерілді деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

Кейбір аудандарда қауіпті деңгейге дейін 30 сантиметр қалған. 

  • Индербор ауылы + 20 см, су деңгейі-808 см, қауіпті деңгей - 845 см; 
  • Махамбет ауылы + 8 см, су деңгейі-820 см, қауіпті деңгейі - 850 см; 
  • Атырау қаласы + 5 см, су деңгейі-476 см, қауіпті деңгей - 550 см. 

Махамбет ауданы Жалғансай ауылында 7 км қорғаныс бөгеттері салынды. 

Жалғансай ауылдық округінің әкімі Асылжан Қайырғалиевтің айтуынша, ауылда ұзындығы 3 км болатын бөгет қайта жаңартылған. 

1,5 мыңға жуық мал

Индер ауданында 1,5 мыңға жуық мал қауіпсіз жерлерге айдалды. 

"Ірі және ұсақ малдарды Атырау - Орал және Атырау – Индер тас жолының бойындағы биік жерлерге айдау ұсынылады. Айдауға арналған орындарды Индер ауданының әкімдігі белгіледі", - деп хабарлады ТЖ жөніндегі жедел штаб.  

Құлсарыдағы наразылық

2 мамыр күні кешке Құлсарының Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан тұрғындары әкімдік ғимараты алдында жиналып тұрғанын, қажет болса шатыр тігіп сонда түнеуге дайын екенін жеткізген. Олар өз үндеуін президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.  

– Біздер топан судан зардап шеккен халық. Маңдай терімен, адал еңбегімен салған үйінің әділетті бағасы есептеліп, ақшаны қолымызға алғымыз келеді. Үйлерімізге әр шаршы метріне 400 000 теңгеден ақы төленіп, сол ақыны қолымызға алғымыз келеді, - дейді видеожазбадағы азамат.  

“Және тағы бір реттік берілген 100 АЕК көлеміндегі көмекті осы халықтың мәселесі шешілгенге беруіңізді сұраймыз” дейді азаматтар.  

Сондай-ақ шаршы метріне 400 мың теңге деген ұсыныс мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың ұсынысы екенін айтып, жиналғандар бір ауыздан “қолдаймыз” деп дауыстады. 

Құлсарыдағы ахуал 

Еске сала кетейік, су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі осы Құлсары қаласы. Атырау облысының Құлсары қаласында 300-ден астам жеке тұрғын үй су астында қалған.  Су тасыған кезде бірнеше кісінің өлімі тіркелді.