Бестөбедегі алтын кенішінде тағы бір адам қаза тапты

Ulysmedia.kz коллажы

Ақмола облысындағы Бестөбе кентінде заңсыз алтын іздеуші тағы да көз жұмды. Ер адам кен өндіру үшін шахтаға түсіп, кен үйіндісінің астында қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам күзетілетін нысанның аумағына заңсыз кіріп, кен өндірумен айналысқан. Ол жер астында болған кезде тау жыныстары опырылып, ер адамды тас басып қалған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды.

– Күзетілетін нысанға заңсыз кіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Қазанда шахта тағы екі адамның өмірін қиды

Бұл кейінгі уақытта Бестөбеде заңсыз кен өндірушілердің қаза тапқан алғашқы жағдай емес. 14 қазанда «Новая» шахтасының 295-горизонтында тау жыныстары опырылған. Үйінді астында қалған 41 жастағы ер адам көз жұмып, тағы бір адам басынан жарақат алып, денесін соғып алған.

Келесі күні таңертең осы шахтада екінші кен іздеушінің де қаза тапқаны белгілі болды.

Сізге қызық болуы мүмкін