Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласының әкімі тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ол қызметке Әркен Өтенов лайық деп танылған. Ол бұған дейін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Ол туралы не белгілі
Әркен Өтенов 1983 жылы 15 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. 2006 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және 2010 жылы Карнеги Меллон университетін («Болашақ» бағдарламасының түлегі) бітірген. Халықаралық қатынастар жөніндегі ғалым, экономист және мемлекеттік саясат саласындағы ғылым магистрі. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Әркен Өтенов еліміздің банк секторында, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы түрлі лауазымдарда, соның ішінде Президент әкімшілігінде және Қаржы министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде істеген жұмыс тәжірибесі бар.
Еске сала кетсек, биыл 9 қаңтарда Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласына айналған еді. Тиісті Жарлыққа президент қол қойған болатын.