“Екі қабат жүрдік те, бітті, төмен кетті”: Семейде лифт шахтасына құлап кеткендер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Ulysmedia

Зардап шеккендер жедел қалай төменге құлап кеткенін түсініп те үлгермей қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желіден

Аяғы бірнеше жерден сынған

Семейде лифт шахтасына құлап зардап шеккен алты адамның үшеуі ауруханада жатыр. Олардың аяғы бірнеше жерден сынған. 

“Жолдасым екеуіміз болдық. Одан кейін екі жас қыз болды. Төртеуіміз отырдық. Оныншы қабаттан тоқтатты. Сол екі әйел бізге өтінді, отыруға. «Такси тосып тұр» деп. Біз қарағанша, отырып алды. Одан кейін екі қабат жүрдік те, бітті, төмен кетті,” - дейді жәбірленуші Гауһар Қозыбаева. 

Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты дейді дәрігерлер.  

Айта кетейік, оқыс оқиға осыдан үш күн бұрын Семей қаласында болған. Алты адамның салмағын көтермеген лифт шахтаға құлап кеткен. Апаттың нақты неден болғанын мамандар анықтап жатыр. Қылмыстық іс қозғалып тергеу басталған.  

Тергеу жүріп жатыр

“Тергеу жүргізіліп жатыр. Жедел саты ортақ мүлікке жатады. Тұрғын үй қатынастар заңының 2-бабының 14-тармағына сәйкес. Енді тұрғындар өздері жедел сатыға күрделі жөңдеу жүргізуі керек,” деді Семей тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Серік Байділданов.  

Алты адам өліміне себеп бола жаздаған 14 қабатты үйдегі жедел сатының жұмыс істеп тұрғанына 34 жыл болған екен.